Ораза айт - 2024: намаз кестесі жарияланды

Ораза айт - 2024: намаз кестесі жарияланды
Фото: freepik, Massaget.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айт намазының кестесін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ораза айт дегеніміз - Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні, яғни мұсылмандардың маңызды діни мейрамы. Бұл - екі айт мейрамының бірі. Мереке күні мұсылмандар мешітте жиналып жамағатпен айт намазын оқиды. 

Алматыда айт намазы 10 сәуірде сағат 06:30-да, ал Астана мен Шымкент қалаларында сағат 07:00-де оқылады.

Ораза айтты қалай өткізген дұрыс?

  • Пітір садақасын беру. Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілуі қажет. Пітір садақасын бермегендер болса, бірінші кезекте айт намазына дейін пітір садақасын беруге тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.
  • Тәкбір айту: Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдарға жатады.
  • Айт намазын оқу.
  • Намазға шығар алдында құрма жеп шығу. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек.
  • Жаңа  киім кию, ғұсыл құйыну, әтір себу. Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтір сеуіп барғаны абзал.
  • Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілек тілейді. 

Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды. Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget