"Ораз мола" деген жерден шыққан: Атырау облысында жоғалған үш адам табылды

Атырау облысында жоғалған адамдар аман-есен табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірдің ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

11 қаңтарда сағат 03:20-да Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті 1984 ж., 1986 ж., 1996 ж. туған азаматтарды Қызылқоға ауданының "Ораз мола" орнынан тапты. Бұл - Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінен 120 шақырым қашықта орналасқан жер.

ТЖД

Жоғалған адамдардың туыстары Атырау облысы ТЖД аумақтық бөлімшелерінің көмегіне 10 қаңтарда сағат 00:00-де жүгінген. ТЖД құтқарушылары дереу құтқару жұмыстарына кірісті.

"Іздестіру жұмыстары облыс аумағындағы қолайсыз ауа райына байланысты күрделене түсті. Адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстары түнгі уақытта да тоқтаған жоқ. Құтқарушылардан, полиция қызметкерлерінен, еріктілерден және туыстарынан тұратын үш топ облыстың елді мекендерін, қыстақтарын және тасжолдарын қарап шықты. Үйлесімді, біріккен әрекеттердің нәтижесінде іздестіру-құтқару жұмыстары 11 қаңтарға қараған түні сағат 03:20-да сәтті аяқталды. Құтқарылғандар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың жағдайы тұрақты, медициналық көмекті қажет етпеді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында жолға шыққан үш адам із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!