Қазір орамалды қыздар мемлекеттік мекемелерде білім алуға рұқсат болмағаннан кейін жеке мектептерде оқытылып жатыр. Бұл оларды одан әрі оқшаулап тастауы әбден мүмкін. Оның үстіне бір сыныпта орамалды қыздармен оқыған оқушылар оларға еліктеп кетпес үшін қандай қарекет жасалып жатыр? Massaget.kz тілшісі осы мәселелерге байланысты Алматы қаласының білім басқармасына сұрау салып көрді.
Білім басқармасындағылардың мәліметінше, Алматы қаласында қазіргі таңда 99 жекеменшік мектеп бар. Жекеменшік мектептерді қадағалау Алматы қаласының "Сапаны қамтамасыз ету" департаментінің құзыретіне кіреді. Ал ведомство тарапынан әдістемелік көмек көрсетіліп, түсіндірме жұмыстар жүргізілетін көрінеді. Қазіргі таңда 214 жалпы білім беру ұйымдарында 43 жасөспірім, 12 мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім беру колледжерінде - 61 студент орамал тағады.
Жалпы жасөспірімдердің орамалға әуестігінің алдын алу бағытында Алматы қаласының Дін басқармасы мамандары білім беру ұйымдарында мектеп басшылығы, тәрбие ісінің орынбасарлары, педагог-психолог, әлеуметтік педагогтер, оқушылар және ата-аналардың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен.
"Білім басқармасының апта сайынғы штаб отырысында қала бойынша білім беру ұйымдарында қанша жасөспірім орамал тағады, олармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары туралы әрбір білім беру бөлімінің басшыларының есептері тыңдалып отырады", - деді ведмство өкілдері.
Аталған штаб отырысында негізінен орамал тағатын оқушылардың саны (азаю/көбею) ата-аналармен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының статистикалық есебі жүргізіліп отырады екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!