Оралдың екі тұрғыны таксистке көзді жасаурататын спрей шашып, тонап кетті
Оралдың екі тұрғыны такси жүргізушісін тонаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БҚО полиция департаментінің кезекші бөліміне "Яндекс" қызметінің такси жүргізушісі хабарласқан. Оның айтуынша, сағат 02:00-де Яндекс go қосымшасын қолданушы Оралдың "Орбита" саяжайына тапсырыс берген.
Ол тапсырысты қабылдап, көрсетілген мекенжайға келген кезде оның көлігіне екі жігіт отырған. Жолай олардың біреуі такси жүргізушісімен жанжалдасып қалған. Кейін жүргізушіге көзді жасаурататын газды баллон спрейін шашып жіберіп, содан кейін олар телефонды және қолда бар ақшаны алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында 1998 жылғы және 2004 жылғы екі азамат ұсталды. Екеуі де жұмыссыз. Ұсталғандар өз кінәсін мойындады, ұрланған мүлік тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан