Оралдық кәсіпкерлер жаңа үлгідегі аялдама павильондарын салуды қолға алды. Қала билігі бұл мақсатқа арнайы жер телімін бөледі. Кәсіпкерлер өз кезегінде мұндай орындарға жарнамаларын орналастыра алады.
Биыл жыл соңына дейін осындай 13 аялдама салынады. Келер жылы тағы 50 шақтысын орнату ойда бар. Қазір Оралда 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – 2 мың жарымдай пәтер деген сөз. Қаланың солтүстік-шығыс аумағында жаңа шағынаудан пайда болады.
Таяудағы 3 жылда бұл аумақта 100 гектардай жерде тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазір коммуналдық желілер тартылуда. Бұл мақсатқа 5 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады.
Алтынбек Қайсағалиев, қала әкімінің орынбасары: - Ол жерде тек қана әлеуметтік үйлер ғана емес, олармен бірге жеке кәсіпкерлер де үйлер салатын болады. Үйлердің биіктігі кем дегенде 9 метрден жоғары болады және ол жерде жер асты автотұрақтары қарастырылады. Қаламыздың архитектуралық келбетін өзгертуге байланысты жоспар қабылданды Орал қаласында. Соның ішінде аялдамаларды өзгерту, жаңа типті аялдамалар қою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Дереккөз: 24.kz