- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралдықтар Шаған өзеніне...
Оралдықтар Шаған өзеніне моншадан шыққан суды төккен
Орал қаласының тұрғындары моншадан шыққан шайынды суды Шаған өзеніне төккен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Енді суы ластанған өзенге шомылудың өзі қауіпті. Дабыл қаққан табиғат жанашырларының айтуынша, өзен жағасындағы үй иелерінің табиғатты ластағанына 20 жылдан асыпты. Олар өзен суын бүлдіргені аздай, айналаны қоқыс тастайтын орынға айналдырған.
Осы маңдағы 5-6 үйден шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар көзден таса жерде тау-төбе боп үйіліп жатыр. Қоғам белсенділері мен құзырлы органдардың өкілдерінен құрылған арнайы топ жағдаймен танысып, кінәлілерге шара қолданатынын ескертті.
"Кезінде осы өзеннің суы таза болғаны соншалық - ішуге жарамды еді. Қазір моншадан шығатын лас суды өзенге ағызады. Кеше шайынды судың құбырмен өзенге құйылып жатқанын көргенбіз. Бүгін бәрін жинап алыпты. Айыппұл салады деп қорықса керек. Бірақ жағалауды осылай қалдыруға болмайды", - дейді қала тұрғыны Майя Сатыбалова.
Ал тұрғындар жақын жерде қоқыс контейнері жоқ екенін айтып ақталды. Әкімдік өкілдері бұл жерді тазалап, бейнебақылау камераларын орнататындарын мәлімдеді. Олар қоршаған ортаны қоқысқа толтырғандарды осылай анықтамақ.
"Өздеріңіз көріп тұрғандай, Шаған өзені бойында қоқыс көп. Оны біз әкімдікке, ТҮКШ бөліміне ескертіп, кінәлі адамдар болса, анықтап, тиісті шара қолданамыз", - деді БҚО ПД аға инспекторы Артур Құдысов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова