Оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірген күдіктілерді ұстау сәтінің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Видеода кісен салынған екі ер адам жерде жатқанын көруге болады. Олардың қасында полиция арнайы жасағының бірнеше қызметкері тұрғанын көруге болады. Артынша қызметкерлер күдіктілерді арнайы көлікпен алып кетеді.
Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің денесі П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды.
Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.
Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.
Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.