Оралдық дәрігер соттың көмегімен баспаналы болды

Оралдық дәрігер соттың көмегімен баспаналы болды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

БҚО-да қала тұрғыны әкімшілік сотқа Орал қаласы әкімі аппаратының әрекетсіздігін, тұрғын үйді ұсынбауын заңсыз деп танып, жауапкердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруді міндеттеу туралы талап-арызбен жүгінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот талапкердің дәрігер екенін, 33 жылдық жұмыс өтілі бар, өз баспанасы жоқ екенін, 15 жыл бойы жалға алынған тұрғын үйде тұрғанын, жалдау мерзімі аяқталғанын анықтады.

Бұған дейін Орал қаласы бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімімен талапкерге мемлекеттік тұрғын үй бөлу қорынан қызметтік пәтер бөлінген болатын. Алайда осы уақытқа дейін комиссияның шешімі орындалған жоқ.

Сот отырысы барысында тараптар татуласу туралы келісімді соттың бекітуіне ұсынды, оның шарттары бойынша Орал қаласының әкімдігі талапкерге 2024 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей бір бөлмелі немесе екі бөлмелі пәтер түрінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге міндетті.

Айта кететін жайт, соттың келісімді бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға құқылы. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина