Бүгін Батыс Қазақстан облысынан 30 дарынды бала "IQanat-2023" республикалық олимпиадасының финалына қатысу үшін Астана қаласына аттанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық үйлестіруші Жанат Танабаеваның айтуынша, олар білім бәйгесінің бірінші, екінші кезеңдерінен сүрінбей өтіп, 100-ден астам балл жинаған.
"Бұл бағдарлама ауыл балаларына арналған. IQanat бағдарламасы ауылдағы талай баланың талабын шыңдады. Бұл білім додасына батысқазақстандық оқушылардың қатысып жүргеніне алты жыл. Осы жылдар ішінде ауылда өскен біраз бала аталмыш олимпиаданың нәтижесінде отандық, ресейлік, шетелдік жоғары оқу орындарына түсті", - деп атап өтті Жанат Танабаева.
18-22 маусым аралығында еліміздің 166 ауданынан 37 мың баланың арасынан қатаң іріктеуден өткен 800-ден астам оқушы "IQanat-2023" республикалық олимпиадасында бақ сынамақ. Олардың қатарында батысқазақстандық отыз өрен бар. Республикалық слёт аясында соңғы іріктеу кезеңі өтіп, 120 жеңімпаз IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алады, ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылмақ.
Еліміздің ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы "IQanat" қоғамдық қоры ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастыруда. Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алған.
"IQanat" олимпиадасы және Қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл балаларына ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген мектептердің бірі - IQanat High School of Burabay мектебіне түсіп білім алуға, мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алуға, танысу шеңберін кеңейтуге, жалпы өмір сүру деңгейін көтеруге, соның нәтижесінде ауыл балаларына үздік жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік береді. Қор бағдарламаларының түлектері - ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т.б. университеттерінде білім алып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!