Орал және Ақтөбедегі азық-түлік дүкендерінде көкнәр өнімі сатылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің және Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында өңіраралық қылмыстық топтың Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналарын анықтады.
Қылмыстық топ Алматы мен Шымкент және Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының сегіз тұрғынынан құралған. Олар Орал және Ақтөбедегі азық-түлік дүкендері желісі арқылы көкнәр өнімін сатумен айналысқан.
Қылмыстық топқа қатысушылардың әрқайсына тиісілі жұмысы болған: Шымкент тұрғыны – ұйымдастырумен айналысса, Алматы тұрғыны – есірткі заттарын жеткізуші, ал қалғандары есірткі заттарын азық-түлік дүкендері арқылы сатумен айналысқан.
Азық-түлік дүкендерін тінту кезінде есірткі заттары, еріткіш заттары салынған қораптар, граммен өлшенетін электронды таразылар табылып, тәркіленді. Сондай-ақ әр дүкенде қаражаттың кіріс және шығысын есептеуге арналған касса журналдары табылды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 994 қап қосынды қосылған көкнәр сабағы, 10 қораптан астам еріткіш заты, 5 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражат, қымбат бағадағы төрт жеңіл автокөлігі (қылмыстық әрекеттен түскен қаражатқа алынған), DAF жүк көлігі тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген көкнәр сабағының жалпы салмағы - 1,635 келі 257 грамм.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 1-бөлігі ("Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру"), ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 2-бөлігі ("Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу"), ҚР Қылмыстық кодексінің 2018-бабы 1-бөлігі ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру" (жылыстату)) және ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!