Оралдағы дәмханада болған жарылыста зардап шеккендер мен қаза тапқандар бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы ТЖД, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері жұмылдырылды, барлығы 110-нан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта ТЖД күштері қираған дәмхана астынан 6 адамды тауып, құтқарды, оның 5-і медициналық мекемелерге жеткізілді, 1 адам ауруханаға жатқызудан бас тартты. Сондай-ақ 2 адам қаза тапты. Олардың кім екені анықталады. Болжам бойынша, құрылымдардың астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Оралда дәмханадағы газ жарылып, жантүршігерлік апат болғаны хабарланған еді. 4 қаңтарда сағат 02:07-де 101 пультіне Орал қаласындағы Сырым Датов көшесі 52 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына 02:17 жеткен бірінші бөлімше екі қабатты "RIZYQ" дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша, газ-ауа қоспасының жарылысы нәтижесінде ғимараттың 110 шаршы метр аумағы қирап, 25 шаршы метр аумақта өрт шыққаны туралы хабарлады.