Оралдағы балалар лагерінде 10 жастағы бала соққыға жығылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Баланың әкесі лагерь басшылығы жауапқа тартылуы керек екенін айтады. Өңір тұрғыны 10 жастағы баласын әпкесімен бірге 10 маусымда "Атамекен" атты балалар лагеріне жіберген. Оларға бұл жолдаманы су тасқынынан зардап шеккен отбасы ретінде қалалық білім бөлімі берген.
"Алғашында балаларға барып тұрдым, лагерьде телефонға тыйым салынған. Алайда қызым балалардың біреуінен телефон тауып алып, маған 14 маусымда қоңырау шалып, лагерьде ұлымды соққыға жығып жатқанын айтты. Кешке балаларды алып кеттім, балаларға ұнамайды деп ойладым. Үйге келгенде, ұлым денесіндегі көгерген іздерді көрсетті. Аяғы, қолы, денесінде көгерген жерлер болды. Ол 8-10 бала спортзалда, тіпті көшеде ұрғанын айтты. Балаларға (ұрған - еск.) айтарым жоқ, олар - бала. Менің сұрағым, балаларды қабылдаған және оларды қадағалауға міндеттелген лагерь басшылығына, мұның бәрін ұйымдастырған министрлікке болып отыр. Неге мұндай жағдай болып жатыр?" - дейді баланың әкесі.
15 маусымда ер адам ұлымен бірге дәрігерлерге барып, кейін полицияға арыз жазған. Ер адамның айтуынша, адвокат жалдағаннан кейін ғана жұмыстар қолға алынған.
11 күннен кейін полиция қызметкерлері сот-медициналық сараптамаға жолдама берген.
"Білуімше, олар бұл мәселені шешкісі келеді, өйткені "ешқайда шағымданба" деп көп адам келді, - дейді ол.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл дерек 15 маусымда Орал қаласы Полиция басқармасында тіркелген.
"Қазір іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылды, оның қорытындысы бойынша заңды баға беріледі", - деп жазылған хабарламада.
БҚО білім басқармасы өкілдері де оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Кәмелетке толмағандар арасында тәрбие жұмысын тиісінше жүргізбегені үшін отряд тәлімгері мен тәрбиешіге тәртіптік жаза қолданылды. Тәлімгер жұмыстан шығарылды", - деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!