Орал қаласында Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы атты халықаралық форум өтті. Форум аясында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, баяндамалар оқылды. Халықаралық форумға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының халықаралық қатынастар бөлімі басшысы Мухаммад-Акмалхан Шакиров, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Дінтану сараптамасы және діни білім беру ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, Нұр-Мүбарак Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, БҚО прокурорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев, Украина елінің Ұлттық педагогика университетінің доценті Денис Брилев, Башқұртстандағы Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов, тарихшы және дінтанушы ғалымдар, теологтар, имамдар, медресе шәкірттері, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары, аудан әкімдері мен ішкі саясат бөлімдері мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Форум жұмысын Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов ашты. - Бүгінгі халықаралық форумның тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау және пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Біз қазіргі таңда мәдени, рухани ақпараттың және саяси-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп келеміз. Уақыттың талабына сай, біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үрдістерге уақытылы жауап қатып, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық талаптағы бағыт-бағдарымызды қайта қарауымыз да қажет болады. Сондықтан бүгінгі форум барысында зайырлы қоғам, ондағы дін мен құқықтың өзара байланысы, дін саласындағы заңнаманы жетілдіру тетіктерін жан-жақты талқыға салып, өзара пікір алмасатын боламыз, -деді. Облыс əкімінен кейін сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: - Зайырлылық - əр адамның нәсіліне қарамастан, әр азаматтың қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді. Профессор, ғылым докторы Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтамалар көп. Солардың бірі барлық діндерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез-келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады, - деп жазды ҚМДБ баспасөз қызметі. Форумда шетелдік ғалымдар да баяндама жасап, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.