Орал қаласында мемлекеттік кірістер департаменті және Орал қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен прокурорлық тексерулер нәтижесінде заңсыз ойын автоматтары мен онлайн-казинолардың қызметі әшкереленді.
БҚО прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешевтің айтуынша, мұндай ойын автоматтары лотерея терминалдары ретінде бүркемеленген. Мысалы, рейдтік шаралар кезінде Гагарин көшесі бойындағы "Старт" сауда үйінде осындай үш ойын автоматының ел аумағында тыйым салынған қызметті атқарып келгені анықталды.
Жыл басынан бері қала аумағында 21 сауда нүктесінен осындай 42 лотерея терминалы тәркіленді.
Орал қалалық сотының 4 қыркүйектегі үкімімен А.Зайченко ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлігіне сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылды.
Айта кетейік, биылғы шілдеде Орал қаласы прокурорының талапарызы бойынща Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз онлайн-казино қызметін ұсынып келген 26 ғаламтор сайтының қызметі тоқтатылған болатын.
Дереккөз: today.kz