Оралда тоғыз жасар баланы "қаралы жесір" (черная вдова) өрмекшісі шағып алып, жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды "Мой город".
Басылым мәліметінше, улы өрмекші шаққан бала бірден ауруханаға жеткізілген.
"Ол бізге өте ауыр жағдайда келіп түсті. Қатты тершеңдік, әлсіздік, өне-бойының сыздап ауыруы және қан қысымының жоғарылауына шағымданды. Оны "қаралы жесір" өрмекшісі шағып алған. Баланың өзі өрмекшіні байқап, оны сілкіп жіберген, ата-анасы оны шыны ыдысқа салып, бізге алып келді. Бұл - өте дұрыс шешім, біз қандай ем қолданатынымызды бірден анықтай алдық. Бұл өте қауіпті жағдай, мұндайда дене сіресіп қалады, тіпті өлімге әкелетін жағдайлар бар. У бүкіл денеге әсер етеді. Ата-аналардан қырағы болуды, балаларды далаға жалаң-аяқ жібермеуді және жәндіктердің шағуынан сақтануды сұраймыз", - деді Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының педиатры Эльвира Дәулетова.
Қазір науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол әлі де жансақтау бөлімінде, бірақ есін жинап, өздігінен тамақтана бастады.
Мұндай оқиға биыл өңірде алғаш рет орын алғаны айтылды.
Дәрігерлер жәндік шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.