- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда тұңғыш мультфильм...
Оралда тұңғыш мультфильм түсірілді
Кейінгі аптада Оралдағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Boken Animation ұжымының "Бейнеле" атты анимациялық мульсериалының тұсаукесері өтті. Бұл мультфильм - Досжан Бөкенбайдың бастамасымен құрылған Boken Animation ұжымының алғашқы отандық туындысы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Досжан - №30 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Ол 10 жасынан бастап сурет салумен, анимациямен айналыса бастаған. Анимация - мультипликация-кино өнерінің бір түрі.
Суреттерге жан бітіріп, өңірімізде қазақ тілінде тұңғыш мультфильм түсірген Досжанның алдына қойған арман-мақсаты айқын. Ол сегіз адамнан тұратын команда жинап, бейнесабақтар арқылы анимацияның күрделі негіздерін түсіне бастаған. Бас суретші - Ринат Ахмедияров. Осылайша, "Бейнеле" картинасын жасау процесі басталған.
Мультфильмнің басты кейіпкері - Дарын есімді жасөспірім. Мультфильмде Дарын мен оның достарының өмірі суреттеледі. Орал қаласының көрікті жерлерін көрермен назарына ұсына отырып, жастар арасындағы махаббат, достық, өнер, еңбекқорлық тақырыптары қозғалады. Досжан топпен жұмыс істеудің қызығы мен қиындығы туралы айтты.
"Өзің ойлаған дүниені бейнелеген бір ләззатқа бөлейді. Әр топ мүшесінің жұмысына өз идеясын қосу еркіндігі бар. Сол себепті жұмыс барысы топ мүшелеірнің бәрінің көңілінен шығады. Қиындығы - сурет салуға ұзақ уақыт керегі", - дейді ол.
Бір қуанарлығы, анимациялық мультфильмді көруге жасөспірімдер көп жиналған. Екі сеанста да залда инешаншар орын болмады. Көрермендер өз қаласы бейнеленген, қазақ тіліндегі туындыны өте жылы қабылдаған.
"Қазір жасөспірімдердің көбі өзге тілдегі мультфильмдерді қарайды. Өйткені қазақ тілінде контент өте аз. Өзім де орыс тіліндегі дүниелерді қарап өстім. Көптеген мультфильм тек кейінгі жылдары қазақ тілінде дыбыстала бастады. Сондықтан негізгі мақсатым - қазақ тіліндегі контент қалыптастыру", - дейді жас аниматор Досжан Бөкенбай.
Досжанның жоспары көп. Биыл мектеп бітіретін ол армандаған жоғары оқу орынына түсіп, анимация саласын терең зерттеуді қолға алмақ. Сондай-ақ, анимациялық сериясын аяқтап, басқа да қызық жобаны өз тобымен бірге жүзеге асырғысы келеді.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова