- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда төтенше жағдай:...
Оралда төтенше жағдай: 17 ғимаратты су басқан
Оралда су басу қаупіне байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, - деп хабарлайды "Мой город" тілшісі.
Мұз суы еріп, тасжолды, жаяу жүргіншілер жолын, жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлердің аулаларын басқан. Коммуналдық қызмет қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істегенімен, мұндай суды сорып шығару мүмкін емес. Қазір Оралда 17 ғимаратты су басқан, оның тоғызы мектеп пен спорт нысандары, қалғаны жеке үйлер.
Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, жедел штаб қалада табиғи төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылдаған.
"Су тасқынының басты себебі - топырақтың қатуы. 12 наурызда Сарытаудың Свистун тауы жағынан, Саратов тасжолының арнасынан және Құс фабрикасы ауданындағы арнада мұз еріді. Су өткізгіштер мұндай ағынға төтеп бере алмады. Су топыраққа сіңбейді, өйткені оның қату тереңдігі бір метрден асады және су үш білікті кесіп өтіп, арнасынан асып кетті. "Сарытау" ықшамауданындағы су өткізгіш құбырда судың тұрып қалуына байланысты Айтқұлов көшесінің бойындағы жолдың бір бөлігі ашылды, әйтпесе жеке сектордағы үйлерді су басып қалуы мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан, су көпқабатты үйлердің жертөлелерін басып өткен - бұл Мөңкеұлы көшесінің бойындағы мыңдаған адам тұратын сегіз үй. Қауіпсіздік үшін олардағы электр қуатын өшіруге тура келді. Қазір суды сорып, электр қуатын беру үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз", - деп түсіндірді Жандос Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, қазір арнадағы су көлемі азайғанымен, төбелерде әлі ерімеген қар мен мұз бар, олар елді мекендерге қауіп төндіреді. Әскери қызметшілер коммуналдық қызмет пен құтқарушыларға көмекке келді.
Сонымен қатар, ауызсудың қысымын төмендету туралы шешім қабылданды. Жандос Дүйсенғалиев осының кесірінен жоғарғы қабаттардағы тұрғындарға су жетпей қалуы мүмкін екенін айтты.
"Кәріздердің жағдайы мүшкіл, сондықтан мұны істеуге тура келеді. Екі кәріздік сорғы станциясын жөндеуге тендер өткіздік, мердігерлер анықталды, олар көктемде жұмысқа кіріседі. КСС-18-ге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, онда да келесі жылы жұмыс басталады. Жөндеуден кейін қалада сумен жабдықтау және су бұру мәселесі болмайды", - деп сендірді Дүйсенғалиев.
Сонымен бірге, Шаған және Дерқұл өзендерінде су деңгейі көтеріліп, саяжай тұрғындарына су басу қаупін төндірді.
Еске салайық, бұған дейін Бөрлі ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек