Кеше БҚО ПД Жедел басқару орталығының инспекторлары сыртқы бейнебақылау камераларының мониторингі барысында Оралдың түнгі клубтарының бірінің жанында ер адамдардың төбелесін байқады. Бүгін полиция қызметкерлері төбелеске қатысушыларды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері оқиға орнында мас күйінде бір-бірімен төбелескен Ресей азаматтарын ұстады.
Бұл дерек бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқықбұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 440-бабы (Қоғамдық орындарда мас күйінде болу), 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Оралдың мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1992 және 1995 жылдары туған РФ азаматтарына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Азаматтық сот жоғарыда аталған РФ азаматтарының ҚР аумағында одан әрі болуы туралы мәселені қарайтын болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!