Кейінгі күндері Орал тұрғындары жанар-жағармай құю бекеттерінен сұйытылған газ таппай қалды. Жанар-жағармай құю бекеттерінде газ талонмен сатылған. Massaget.kz тілшісі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының орынбасары Қанат Өмірәлиевтен сұйытылған газ тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін сұрады.
"Қазір жағдай тұрақты. Сұйытылған газдың тапшы болуына "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС-ның жоспардан тыс жөндеу жүргізу үшін жұмысын тоқтатқаны себеп болды. Сондықтан газ көлемі азайды. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі мен ҚР Энергетика министрлігі келіссөз жүргізді. Нәтижесінде "Жайық-мұнай" ЖШС облысқа 1 мың тонна сұйытылған газ береді. Одан бөлек, Ақтөбе зауытынан 200 тонна сұйытылған газ жеткізілді. Атырау мұнай өңдеу зауытынан облысқа күн сайын 50 тонна газ әкелініп жатыр", - деді Қанат Өмірәлиев.
Айта кетейік, облыста 107 автогаз құю стансасы бар. Соның 64-і сұйытылған газды қолма-қол ақшаға сатып жатыр. Ал 21 бекетте талон арқылы беріліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ талонмен сатылып жатқаны хабарланған болатын.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!