Биылғы тамыз айында Оралда сотқа арналып салынған әсем ғимаратқа қоныстанған бірыңғай азаматтық істерді қарауға маманданған Орал қалалық 2 соты жаңа мекен-жайдағы қызметін тартымды қоғамдық іс-шараларымен ұштастыра бастады.
Соның бірі ретінде кеңсе мамандарының мемлекеттік тілді білуіне арналған байқау ұйымдастырылды.БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш сот төрағасы Мұрат Иманбаев, қалалық соттың судьялары, соттың кеңсе меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық сотының мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша бас маманы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин қазылық етіп, судьялар мен сот қызметкерлері құлшына тамашалаған мемлекеттік тіл сайысы мазмұнды өтті.
Сайыс үш тур, бес тапсырмадан тұрды. Екі кезеңнен тұратын алғашқы турдың бірінші кезеңінде конкурсқа қатысушы өзін таныстырса, екінші кезеңде сот билігіне қатысты мақал-мәтелдер айтып, мазмұнын түсіндірді немесе аңызға айналған би шешімдерін мәнерлеп айтып берді. Екі тапсырмадан тұратын екінші турда жарысқа қатысушылар қазақ тілінің грамматикасын қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, сот төрелігіне қатысты сөзді септеді. Ал үшінші турда комиссия мүшелері кезектесе ұсынған заң терминдерін орысшадан қазақшаға аударды.Сот қызметкерлерінің көпшілігі еркін сөз саптап, сөйлемдерді жетік талдады. Тіпті араларында ақындық қабілеті барлары да байқалды.Қызғылықты, тартысты өткен бәсекеде жетекші маман Гүлнұр Әділбекова топ жарса, екінші орынды бас маман Динара Бекқожина иеленді. Жетекші маман Гүлдана Болатова үшінші орынға шықты. Жеңімпаз-жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Жарысқа қатысушылардың қай-қайсысы да да марапаттан шет қалмады. Мөлдір Бекқалиева, Александар Хабибулин, Мәдина Құлманова, Алтын Райдоллина, Әлімбай Ислямғалиевтерге қалалық сот төрағасының алғысхаттары табыс етілді.Шара барысында сайысқа қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, жанкүйерлерді рухани сусындатты.«Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту - өте маңызды мәселе. Мұны біз күнбе-күн назарда ұстап, қызметкерлеріміздің қазақ тілін меңгеріп, сауатты қолдануына барынша күш салудамыз», деді М.Иманбаев.
Елжан Ералы