Оралда мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спартакиада бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, жарыс қатысушыларының спорттық шеберліктерін шыңдау және іскерлік байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
12-13 мамырда - шахмат, асық ату және бес асық, үстел теннисі, шағын футбол, жеңіл атлетика, баскетбол 3х3 түрлерімен басталған жарыс қол күресі, волейбол (ерлер мен әйелдер), қазақ күресі, жүзу, президенттік көпсайыс, арқан тартыс және бильярд спорт түрлерімен жалғасты.
"Мемлекеттік қызметшілер арасынан 16 команда спорттың 15 түрінен бақ сынап жатыр. Өңір аудандары мен қаладағы мемлекеттік қызметшілер спартакиадаға белсенді атсалысып жатыр. Әзірге Бөрлі ауданы, Орал әкімдігі, Ақжайық ауданы алда келеді. Бірақ жарыс әлі аяқталмағандықтан, нәтиже өзгеруі мүмкін. Жалпы, қатысушы командалардың белсенділігі өте жоғары", - деп атап өтті жарыстың бас төрешісі Асхат Асқарұлы.
Айта кетейік, облыстық спартакиадаға 200-ден аса мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.
Айгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!