Оралда бастауыш сынып мұғалімін айуандықпен өлтірді деген күдікке ілінген 41 жастағы ер адамға қатысты сот процесі аяқталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Телеарна мәліметінше, күдікті мектепке келіп, Надежда Никитинаның компьютерін жөндеп беріп жүрген. Осылайша, оның сеніміне кірген Сәрсенов биыл сәуірде ұстаздың шақыруымен оның үйіне барады. Бұзылған компьютерін жөндеу кезінде екеуара дау туындап, программист оны буындырып өлтірген.
Кейін пәтерге ұры түскендей етіп, әйелдің алтын бұйымдарын, әмиянын, телефонын, банк карталарын алып кеткен. Жалпы материалдық шығын – 2 миллионға жуық. Пәтерін тінтіген кезде полицейлер бірнеше қару-жарақ пен көптеген оқ-дәрі тапты. Сондықтан оған адам өлтіру, тонау және заңсыз қару сақтағаны үшін үш бап бойынша айып тағылды.
Марқұмның артында қалған қыздары "қылмыскер жеңіл жаза алды" деп санайды.
"ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі негізінде жазаны ішінара қосу арқылы осы қылмыстары үшін Темір Сәрсеновке 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Ол жазасын қатаң режимдегі қылмыстық түзеу мекемесінде өтесін. Ал қамау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады", – деді сот Асланбек Дүйсенғалиев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз