Оралда мектеп ұстаздардан 40 миллион теңге өндіріп алмақ болған

Оралда мектеп ұстаздардан 40 миллион теңге өндіріп алмақ болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Оралда мектеп әкімшілігі ұстаздардан 40 миллион теңге өндіріп алмақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Серебряков орта мектебінің әкімшілігі мектептің 75 педагогынан бюджеттен артық төленген 42 млн теңге көлеміндегі жалақыны өндіріп алу туралы сотқа талап-арыз жолдаған. Талап қоюда мемлекеттік аудиттің қорытындысы негізге алынған.

Тергеу органымен мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, жаза тағайындалған. Қылмыстық іс аясында мектепке жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 2021-2022 жылдары 75 педагогқа жалақы бойынша 42 млн теңге көлемінде артық төлемдер негізсіз аударылғаны, сөйтіп, қаржылық құқықбұзушылық анықталып, дебиторлық қарыз есептелген.

Алайда сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардың қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған. Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талабын қанағаттандырусыз қалдырды.

Сот жұмысқа немқұрайлы қарау немесе бухгалтерлік қателік болмаған жағдайда еңбек және азаматтық заңнамада көрсетілгендей, артық төленген соманы қайтаруға негіз жоқ екенін атап көрсетті. Апелляция мектеп өкілінің шағымын қанағаттандырмай, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина