- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда қоғам белсенділері...
Оралда қоғам белсенділері ана мен бала денсаулығы және әлеуметтік жобалар тақырыбын талқылады
Оралда "Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" тақырыбында дәстүрлі республикалық форум өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Аурика Дяк, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нүрия Ниязова, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, "Ассамблея жастары" РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, БҚО бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкілі Аманқос Жұбаныш және өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Еліміздің әр аймағынан келген түйгені мен көргені мол аналар Жайық бойында бас қосып, отбасы құндылықтары, ана мен бала денсаулығы және әлеуметтік жобалар сынды тақырыпты талқыға салып, әр өңірдегі істеліп жатқан жұмыстар бойынша өз тәжірибелерін бөлісті. Форумға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ананың қоғамдағы рөлі зор екендігін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Аналар кеңесінің бастамаларын жан-жақты қолдауды тапсырды. Ол барлық аймақтардағы аналардың отбасылардың негізі ретіндегі шешуші рөлін мойындай отырып, қабылдаған бастамаларды толық жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы ананың қоғам алдында да елеулі жауапкершілікке ие болуы керектігін атап өтті. Бесік тербеткен ана мен биліктегі нәзік жандылардың басты бағыты Қазақ мемлекетінің қарқынды дамуы, Қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу екендігі белгілі. Бұл бағытта бүгінде елімізде қажетті отбасылық-гендерлік саясат жүзеге асырылып жатыр", - деді Бақытжан Қаберұлы.
Қазіргі таңда Батыс өңірінде құрамында 1 230 мүшесі бар 157 Аналар кеңесі жұмыс жасайды.
Аналар кеңесі отбасы институтын сақтау мен нығайтуда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, ажырасулардың санын азайтуда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова аналар кеңесі елдегі бүкіл аналардың басын қосатын қоғамдық құрылым екендігін ерекше атап өтті.
"Аналардың басты миссиясы – дүниеге ұрпақ әкелу және сол ұрпағының жақсы адам етіп тәрбиелеу. "Мәдениетті ана- мәдениетті ұлт" жобасы осы бағытта құрылды. Жалпы отбасындағы мәселенің дұрыс шешім табуы тікелей ата-анаға байланысты. Жасыратын дәнеңе жоқ, тәрбие ақсап кетті. Өйткені, әкенің жанұя алдындағы өз жауапкершілігін сезінбеуі, белгілі бір жағдайда ұрпақ тәрбиесіне әсер етеді. Бізде кемшілік көп. Оңай жолмен ақша табуға ұмтылу, жалқаулық, заңбұзушылық бәрі бар. Болар іс болды. Осындай кемшілік жасап жатқан біздің балаларымыз ғой. Енді осы олқылықтың орынын қалай толтырамыз? – деген сұраққа жауап беру мақсатында әр өңірдің аналар кеңесінің мүшелері бас қостық. Екі күндік жиында әр аймақтың жақсы жобаларымен тәжірибе бөліспекпіз. Мәселен Батыс Қазақстан облысында жетім балалар санының азайғаны, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азғантай баланың өзі тұратын үйлерінде өз-өзін қамтамасыз ете білуі бізге қатты ұнады", - деді Камал Әбілқасымқызы.
"Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" форумының практикалық бөлігінде әр облыстан жиналған аналар "Салтанат сарайында" көп балалы аналармен кездесті. Бұл жерде "Бесікке салу", "Тұсау кесу" қазақтың салт-дәстүрлері қонақтар назарына ұсынылып, аты аңызға айналған аналар қазақтың дәстүрімен жас келіндерге ақ орамал тақты. Сондай-ақ қонақтар "Оқушылар сарайында" "Достық", "Жас сарбаз", "Айбын" үйірмелерінің оқушыларымен жүздесіп, электронды вейпке қарсы акция өткізді.
Форум аясында қатысушы аналар мен түрлі сала мамандары "Заманауи жаман әдеттер және олармен қалай күресеміз?", "Буллинг және оның құрбаны болмау үшін не істеу керек?", "Тұрмыстық зорлық-зомбылық: себептері, салдары және реабилитациядан кейінгі өмір" тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан