- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда жазасын өтеушілерді...
Оралда жазасын өтеушілерді ұрып-соққан колония қызметкерлері сотталды
Оралдағы жазасын өтеушілерді ұрып-соққан РУ-170/1 түзету мекемесінің 4 қызметкері сотталды, - деп хабарлайды "Мой город" басылымы.
Басылым мәліметінше, оқиға өткен жылы болған. Виталий Уколов, Алексей Кереев, Иван Обровец, Артем Траисов, Роман Ибатуллин, Мағжан Түймалиев, Николай Болдырев, Рубек Сейткереев және Батырхан Абдолла жатқан камераны тыныштандыруға келген бақылаушы сондағылардың бірімен сөзге келіп қалады. Ертеңінде оларды тәртіпке салу үшін өзге қызметкерлермен бірлесе кезек-кезек ұрып-соққан. Артынша, жазасын өтеушілер арызданып, іс сотқа жеткен.
Сотта айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ олардың іс-әрекеті толықтай дәлелденді. Осылайша, сот үкімімен режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары, 1992 жылғы Сержан Өтегенов, қарау тобының уәкілетті өкілдері: 1993 жылғы Самархан Салтаев, 1994 жылғы Дархан Байториев және бақылаушы, 2000 жылғы Алпамыс Кенжеш қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған азаптаулар) айыпты деп танылды.
Сот Өтегенов пен Салтаевты 4 жылға бас бостандығынан айырса, Байториев 3 жылға, Кенжеш 3,5 жылға сотталды. Сонымен қатар олар қызметтік шенінен айырылып, үш жыл билік өкілі қызметін атқара алмайды. Әрі 3 жәбірленушіге материалдық өтемақы төлейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова