Оралда жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды

Орал қаласында жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды. Бұл – дәстүрлі мемлекеттік қызметтерді цифрлық сервистермен, жасанды интеллект технологияларымен және қажетті құжаттарды өз бетінше алу мүмкіндіктерімен ұштастырған заманауи халыққа қызмет көрсету орталығы, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа форматтың басты ерекшелігі – маманның көмегіне жүгінетін дәстүрлі қызмет көрсету үлгісінен цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алуға көшу. Заманауи орталық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

БҚО әкімдігі хабарлағандай, орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңа тарихи кезеңде: өзекті міндеттер» атты Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру және озық технологияларды халық игілігіне пайдалану міндеттерін айқындады. Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында өңірде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

– Жыл басынан бері облыста 3 миллион 203 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 98 пайызы электрондық форматта ұсынылған. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көрсеткен 629 мыңнан астам қызметтің 60 пайызға жуығы онлайн форматта жүзеге асырылды, деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Жаңа кеңсе үш негізгі функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта тұрғындар анықтамалар мен қарапайым қызметтерді өз бетінше әрі жедел ала алады. Цифрлық аймақта электрондық цифрлық қолтаңба алу, баланың тууын және некені тіркеу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу қызметтері онлайн форматта қолжетімді. Ал сараптамалық аймақта мамандар кәсіби консультациялық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған арнайы оқу аймағы қарастырылған.

– Цифрландырудың басты өлшемі – технологиялардың күрделілігі емес, олардың адам өміріне әкелетін нақты пайдасы. Жасанды интеллект жасына, тұрғылықты жеріне және цифрлық дағдыларының деңгейіне қарамастан, әрбір азаматқа заманауи мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Нариман Төреғалиев.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік басқару жүйесіне озық технологияларды енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған материал