- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда Еңбек күніне...
Оралда Еңбек күніне арналған форумда үздіктер марапатталды
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Еңбек күніне арналған дәстүрлі форумда үздіктер марапатталды.
Онда облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның атап өткеніндей, Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өңірде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Осыған орай азаматтарды еңбекпен қамту қазіргі таңдағы басты мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл ретте жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар ең алдымен жұмыс орнын сақтауға, табысты молайта түсіп, халықтың аз қамтылған бөлігін қолдауға бағытталған.
Жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде соңғы 10 жылда 135 жаңа жұмыс орны ашылып, 145 мың адам еңбекпен қамтамасыз етілді. Соның ішінде 2009 жылдан бері 13 мың жас жастар тағылымдамасынан өтті. Содан өткендердің 5 мыңнан астамы немесе үштен бір бөлігі тұрақты жұмыс орнын тапты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 18 мыңдай адам жіберілсе, 10,4 мың адам кәсіптік оқуға жолданып, 52,8 мың адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соның арқасында көптеген тұрғындар жұмысқа тартылды. Бағдарлама аясында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге де несиелер берілуде. Оған қоса табысы аз азаматтар мен мүгедектер де осы бағдарламаның шарапатын көруде. Бұған қатысушылардың 46,3 пайызы жастар болса, 44 пайызға жуығы - әйелдер. Демек, елімізде еңбек етіп, табыс табамын, өз кәсібімді жүргіземін деушілерге барынша мүмкіндік жасалуда.
Дегенмен, сала мамандарының пікіріне қарағанда, өңірде экономист, заңгер, қаржыгер сияқты мамандар жетіп артылғанымен, жұмысшылар мен техникалық мамандық иелеріне тапшылық сезілуде. Мысалы, ауыл шаруашылығында білікті мамандар жетіспейді, жастардың бұл салада еңбек етуге деген құлшынысы жеткіліксіз. Сондықтан ауылға жастарды тарту үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, соның ішінде малшы, тракторшы және басқа мамандардың жалақысын ішінара демеуқаржыландыру жолымен оларға жағдай жасау қажет. Екіншіден, кадрларды жұмыс берушілердің талап-тілегіне қарай даярлауға басымдық беру керек. Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы өңірден түлеп ұшқан «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірыңғай базасын жасап, оларды облысқа жұмысқа тарту жағын қарастырса, артық емес. Техникалық мамандықтар бойынша жұмысшы кадрларын даярлауда тәлімгерлік институтын қайта жандандырудың маңызы зор.
Еңбек адамына құрмет те әрдайым назарда. Еңбек күніне орай облыс көлемінде «Еңбек жолы» байқауы ұйымдастырылып, үш жеңімпаз анықталды. «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша Жәнібек ауданынан Хамит Молдағалиевтің отбасы үздік шықса, Денис Комаров (Зеленов ауданы) «өндірістің ең жас жұмысшысы» атанды. Ал бөкейордалық Нәсіп Нүркенова «Жұмыс жасайтын жастардың ең үздік тәлімгері» атағына ие болды. Сол секілді Оралда 11 аталым бойынша өз мамандықтарының үздіктері белгілі болды. Олардың арасында «Квант» ЖШС тігіншісі Светлана Вострякова, «Батыс су арнасы» ЖШС кран жүргізушісі Сергей Самаркин, «Болашақ» ПИК-тің сантехнигі Қартбай Аймағамбетов, «Жайық жарығы» ЖШС электригі Мейірман Бәйменов, «Уральскнефтегазгеология» АҚ слесары Александр Полкунов және басқалар бар. Үздіктерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Дереккөз: inform.kz
T. Кіршібаев