Оралда аутизммен ауыратын бала аттракционға жіберілмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mgorod.kz-ке сілтеме жасап.
БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті алғаш рет сот дауына үшінші тарап ретінде қатысты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта сөйлеу қабілеті кеш дамыған, аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған 10 жастағы баланың анасының арызы қаралды.
2023 жылы шілдеде әйел баласымен бірге Оралдағы аттракциондар саябағына барған. Серуендеу кезінде бала "Орман экспресс" отбасылық аттракционына қызыққан. Алайда аттракцион операторы әйелді баласымен бірге аттракционға жібермеген. Ол жүйке немесе психикалық ауытқуы бар адамдарға аттракционға кіруге тыйым салынатынын айтыпты.
"Талапкер мен бала қатты күйзеліске ұшырады. Бала неліктен аттракционға жіберілмегенін түсінбеген. Сонымен қатар, ережеге сәйкес 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар ересектермен бірге аттракционға отыра алады, ал 7 жастан бастап балалар өздігінен жүре алады. Сонымен қатар, әйел баласы Астана мен Ташкент қалаларындағы осындай аттракциондарға бірнеше рет барғанын айтады. Баланың жағдайы мұндай аттракциондарға баруға мүмкіндік береді", - деді БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өкілі.
Әйелдің сөзінше, баласына басқа балалармен тең дәрежеде қызмет көрсетілмеген. Ол соттан ережелерді заңсыз деп тануды, оларды заңнамаға сәйкес келтіруді және бір миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алуды сұрады.
Сотта жауап берген тараптың айтуынша, аттракцион операторының әрекеті заңды және өндіруші зауыттың талаптарына сәйкес келеді.
Сот процесінде психиатр аутизммен ауыратын баланың жағдайы қалыпты екенін және оның мұндай аттракциондарға баруына тыйым салатын медициналық тыйымдар, шектеулер жоқ екенін айтты. Психологтың қорытындысында баланың физикалық белсенділігіне тыйым салынбайтыны айтылады. Керісінше ойын-сауық саябақтарына бару баланың жағдайын жақсартып, дамуына ықпал етеді екен.
Сот әйелдің талабын ішінара қанағаттандырды. Осылайша, аттракциондар паркі ҚР заңнамасына сәйкес ережелер жасауға міндеттелді. Сонымен қатар, баланың анасына 500 мың теңге моральдық залал төлеуге тиіс.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!