- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оралда ата-аналар мүгедек...
Оралда ата-аналар мүгедек балаларға арналған орталық жабылып қала ма деп алаңдап отыр
Оралда мүгедек балаларға арналған орталық жабылуы мүмкін. Өйткені ескі мекеменің орнына жаңа медициналық сауықтыру кешені салынады деген ақпарат тарап жатыр. Ата-аналар бұл жаңалыққа қуана қоймаған. Өйткені жаңа мекеме жекеменшік болатын көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Мен осы мекемеге келгенде баламды қолыма ұстап әкелгенмін. Жатқан бала ғой. Енді қазір қандай жағдайда тұрғанын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Өте керемет. Бәрімізге, ата-аналарға ұнайды. Әр баланың тілін біледі", - дейді Орал тұрғыны Раушангүл Орынғалиева.
Бұл орталықта қазір 46 бала тәрбиеленіп жатыр. Ата-аналар "Балалармен логопед, психолог, дефектолог мамандар жеке-жеке айналысады" дейді.
Мұндай ақпараттың тарауы да тегін емес екен. Батыс Қазақстан облысында пилот жоба ретінде әлеуметтік нысандарды жекенің қолына беру көзделген, бірақ әлі ол кешеннің қашан салынып, пайдалануға берілетіні белгісіз. Алайда шенеуніктер, жаңа орталық ашылса, науқас балаларға медициналық қызмет тегін көрсетіледі деп отыр.
"Әзірше барлық қажетті жағдай жасалып, құрылыстың қазығы қағылмайынша, жаңа орталық туралы айтуға ерте. Тендер, байқау туралы әлі ешқандай сөз жоқ. Қазір біз нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеп жатырмыз", - дейді Оралдағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан