Оралда 2 ай бұрын құрылған «Киберпол» арнайы бөлімшесі алаяқтық дерегі бойынша 15 қылмыстық істі сотқа жолдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Полицейлер екінші деңгейлі банктердің қауіпсіздік қызметімен байланыс орнатып, алаяқтардың есепшотын бұғаттауды бастап кетті. Осының нәтижесінде жәбірленушілердің ақшасы қайтарыла бастады.
Мәселен Айзада есімді қала тұрғыны тұрмыстық жабдықтарға онлайн тапсырыс беремін деп сан соғып қалғандардың бірі. Айтуынша, мұндай жағдайға бір емес, үшінші рет кезігіп отыр. Ең соңғы рет тауар ақысы ретінде әлдекімге 150 мың теңге аударыпты. Алайда олар ұшты-күйлі жоғалыпты. Енді тауар да, ақша да жоқ.
"Мен үшін 150 мың теңге деген – үлкен ақша. Ол қазір орта есеппен біреудің бір айлық жалақысы ғой. Ақшамды қайтарып алғым келеді. Қазір алаяқтық көп қой, адамдарды алдап. Ақ адал еңбекпен бірдеңе алғың келеді, бірақ та ақтығында сан соғып қаласың", - дейді ол.
Мамандардың айтуынша, киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшесіне күніне 10 шақты адам арыз жазуға келеді екен. Бәрі - алаяқтардың құрбаны. "Киберполда" 4 тергеуші мен 4 жедел уәкіл қызмет атқарады. Олар дәл қазір 73 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Банктердің көмегімен 47 есепшот бұғатталған. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы көлемі 300 млн теңгеге жуықтайды. Әзірге соның 11 млн теңгеден астамы қайтарылды.
"Өткен аптада шетел елдерінің несие карталары мен абоненттік нөмірлері тәркіленіп, 3 күдікті ұсталды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Алаяқтық фактілер негізі бұл – банк қызметкері ретінде өзін таныстыру, қазіргі таңда тіркелгені – 106 факт. Онлайн кредит рәсімдеу фактісі бойынша 30 факт тіркелді. Әлеуметтік желілер арқылы фактілер бойынша 106 факт тіркелді. Сонымен қоса өтемақыны төлеу бойынша 6 факт тіркелді", - дейді облыстық криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Артур Мұсағалиев.
Полицейлер тергеуге қажетті негізгі 5 бағдарламалық жүйенің әзірге үшеуімен қамтылып отыр. Сала басшысы қалғанын жыл соңына дейін сатып алу жоспарланғанын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!