Бүгін қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші тұрған саябақта Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай арнайы шара өткізілді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" тілшісі.
Оралдық өлкетанушылар мен тарихшылардың аталмыш шараны дәл осы жерде ұйымдастыруы тегін емес. Өйткені осыдан тура 100 жыл бұрын, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге қарама-қарсы орналасқан Жұбан саябағының орнында болған ғимаратта 1917 жылы 19-22 сәуір күндері Орал облысы қазақ комитетінің ұйымдастыруымен облыстық қазақ съезі өткен екен.
Осындай қастерлі орында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері (режиссері Әлия Сүндетқалиева) театрландырылған көрініс қойып, азаттық туын көтеріп, өз алдына ел болуды мақсат еткен Алаш қайраткерлерінің іс-қимылын бейнеледі. Әсіресе, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов сынды Алаш арыстарының жерді халық үшін сақтау, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл және ұлттық мәдениет үстемдігі болуы керектігі туралы сөздері әсерлі шықты. Мағжан Жұмабаевтың "Мен жастарға сенемін", Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Алаш ұраны" атты өлеңдері оқылды. «Алаш ұранын» (әнін жазған Ұшқын Жамалбек) "Батыс стар" тобы әуелете шырқап, жиналғандардың рухын көтерді.
Жиында алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, өлкетанушы, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев сөз алып, Алаш қайраткерлері көтерген мемлекеттілік идеясының бүгінгі мақсат-міндеттермен толық үндесетінін, олар аңсаған тәуелсіздікті сақтап қалу үшін Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты жолдауында айтылғанындай, бүкіл еліміз үшін рухани жаңару қажеттігін атап өтті.
"Орал қазақтарының бірінші съезі 1917 жылы 19 сәуірде түскі 12.00-де басталып, оған қазақ жерінің әр аймағынан, осы өңірдегі ауыл, болыстардан, уездерден 800-ден астам делегат қатысқан. Ол кезде бұл жерде ағаштан тұрғызылған цирк үйі болған. Адамдар ішке сыймай, сыртта тұрғандары не айтылып жатқанын бір-бірінен біліп отырған. Жаһанша Досмұхамедов төраға болып сайланған жиын Ресейде болған саяси төңкерістің мәнін, қазақ халқына өз тәуелсіздігіне қол жеткізетін мезгіл келгенін ұқтыруды мақсат еткен. Съезді ұйымдастырушылардың бірі Ғұбайдолла Әлібеков те Жаһанша Досмұхамедов секілді Орал реалық-әскери училищесінің (бұл оқу орны қазіргі Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж ғимаратында орны тепкен) түлегі еді. Съезде Ғұбайдолла Әлібеков пен Алпысбай Қалменов Жаһанша Досмұхамедовтің орынбасары болып сайланды. Хатшылыққа сайланған Ғаббас Жетпісов, Қайыршаһ Ахметжанов, Ермұханбет Арғыншиевтер де сол кездегі көзі ашық, зиялы қауым өкілдері болатын. Төрт күнге созылған съезде мемлекеттік басқару жүйесі, Ресейдегі Уақытша үкіметке, бірінші дүниежүзілік соғысқа деген көзқарас, аграрлық мәселелер, Жаһанша мен Халел Досмұхамедов ұсынған "Уақытша ережелер" бағдарламасы талқыланды. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік басқару жүйесін осылайша жария ету қазақ зиялыларының, соның ішінде Оралдағы оқыған қазақтардың өте білімдарлығын, іскерлігін және мемлекет, халық үшін жанын қиюға дайын болғанын танытады. Ал уақытша ережелер Қазақ автономиясын құрудың алғышарты еді",– деді Дәметкен Сүлейменова.