Оралда 96 жастағы тыл еңбеккері Сәндеш Жапашева Жеңіс күніне орай құттықтаусыз қалып, өзіне тиесілі 50 мың теңге төлемді ала алмаған, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК-ға" сілтеме жасап хабарлайды.
Жапашева — еңбек сіңірген ұстаз, мектептің бұрынғы директоры, көптеген медальмен және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, білім беру ісінің үздігі және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
Мән-жайды анықтауға кіріскен немерелеріне ХҚКО мамандары мұны техникалық ақау деп түсіндірген. Айтуларынша, әжейдің деректері жүйеден мүлде өшіп кеткен.
«Біз үшін бұл төлемнің өзі маңызды емес. Себебі бұл аса үлкен сома емес, майдангерлерге берілетін бес миллион теңге де емес. Ең өкініштісі – әжеміздің елеусіз қалғаны. Ешкім келіп құттықтамаған. Ол осыны қайта-қайта айтып, көңіліне қатты алған», - дейді немересі Ернар Әлдекешев.
Төлемге жауапты мекеме өкілдері былтырға дейін алушылар тізімі МӘТЖО деректері негізінде бухгалтерия арқылы жасалып келгенін түсіндірді. Ал қазіргі талап бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелерге электронды сұраныс жіберіліп, тізім сол деректерге сүйене отырып жасалуға тиіс. Алайда Сәндеш Жапашева бұл тізімнен табылмаған.
«Олар 14 мамыр күні хабарласып, қайта тіркеуге тұрғанын айтты. Мен олардың тіркелгенін көріп тұрмын. Бірақ тағы да айтамын: егер мен қазір сұраныс жіберсем, 9 мамырдан кейін тіркелген адам бұл тізімге қайта кірмейді», - деді Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің материалдық және тұрғын үй көмегі секторының меңгерушісі Галина Курочкина.
Жергілікті облыстық өлкетану музейінің мұрағатында Сәндеш Жапашеваның медальдары, грамоталары мен фотосуреттері сақтаулы. Айтулы даталарда олар экспозицияға қойылып, зейнеткердің өзі салтанатты шараларға шақырылып келген.
Алайда электронды дерекқордағы бір қателік тірі адамды мұрағатта ғана қалғандай күйге түсірген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бағдарламада ақау болған-болмағанын және тіркеудің не себепті жойылғанын анықтау үшін көші-қон қызметіне сұраныс жолдағанын хабарлады. Егер қателік расталса, төлем бәрібір тағайындалады.