Тәуелсіздік күнінде Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 44 отбасыға су жаңа пәтердің кілті табысталды.
Орал шаһарының әкімі Мұрат Бәйменов тұрғындарды қуанышымен құттықтап, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету - мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Орал қаласындағы Желтоқсан 1В мекенжайындағы бұл көпқабатты үйдегі пәтерлер жергілікті атқарушы құрылымда баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар, толық емес отбасылар мен ата-анасынан айырылған балалар бар.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің берген мәліметі бойынша жаңа жыл қарсаңында оралдық тағы 30 жанұя баспаналы болмақ. Биыл жергілікті атқарушы құрылымның есебінен кезекте тұрған отбасыларға 200-ден астам пәтер берілген. Одан бөлек Отбасы банкі АҚ арқылы жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрғандар да үйлі болған. Бүгінде "Ақжайық" шағын ауданындағы көпқабатты бес үйдің құрылысы аяқталған. Алдағы күндері Отбасы банк АҚ арқылы жергілікті атқарушы құрылымдарда кезекте тұрған 400-ден астам отбасыға пәтер берілмек.
Орал қаласы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазір шаһарда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана алуға 22 665 адам кезекте тұр. Олардың қатарында халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар, мемлекеттік қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, жалғыз тұрғын үйi апаттық жағдайда деп танылған азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар бар.
Материалды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!