Орал қаласында Қазақстанның "Халық Қаһарманы", Ұлы Отан соғысының және прокуратура органдарының ардагері Иван Степанович Гапичті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рәсімге Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев арнайы келді. Сонымен қатар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жұртшылық, марқұмның туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Иван Степанович Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысып, ерекше батылдық, қайсарлық және ерлік танытқан. Майданда Отанын қорғағаннан кейін бейбіт өмірде де елге қызмет етуді жалғастырған.
Оның өмір жолындағы ерекше белестердің бірі - Мәскеуде өткен Жеңістің екі тарихи шеруіне (1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс шерулеріне) қатысуы болды.
Иван Степанович прокуратура органдарындағы көп жылдық қызметінде жоғары кәсібилігімен, адалдығымен әріптестерінің зор құрметіне ие болды. Ол Қарағанды қаласының Сталин ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметін атқарды, сондай-ақ, прокуратураның орталық аппаратында аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болып жұмыс істеді.
1966 жылы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, осы қызметте жиырма жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шығып, қызметін аяқтады.
Суреттер: Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова