- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Орал тұрғыны маникюр...
Орал тұрғыны маникюр шебері тырнағын күйдіріп тастағанын айтып шағымданды
Орал тұрғыны маникюр шеберіне барғанына біраз уақыт өткен соң тырнағында қара дақтар пайда болғанын байқаған. Осылайша, ол сотқа жүгінген, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".
БҚО тұтынушылардың құқығы департаменті мәліметінше, былтыр жыл соңында ведомство қызметкерлері Орал тұрғынының Nailbar басшылығына берген арызы бойынша сот процесіне қатысқан.
"Әйел тырнақтарына гель лак жаққан, біраз уақыттан кейін тырнақтарында қара дақтар пайда болған. Жабынды алып тастағаннан кейін ол облыстық тері-венерология диспансеріне жүгінді. Онда "онихомикоз" диагнозы қойылды. Қызға тырнақ пластинасының бұрынғы күйін қалпына келтіру үшін уақыт пен ақша қажет болды. Ақшаны қайтару туралы шеберге жүгінген, бірақ нәтижесіз болды. Содан кейін ол сотқа арыз берді", - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Сот процесіне тері-венерология диспансерінің дәрігерлері де қатысқан. Сарапшылар тырнақ пластинасында анықталған инфекция жұқпалы емес екенін, құралдар арқылы жұқпайтынын айтқан. Дерматолог тырнақ пластинасының күйігін анықтай алмаған, өйткені бұл хирургтың құзыретіне жатады.
"Тырнаққа гель лак жағу зиян. Оны жиі жасау тырнақ пластинасының өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Талапкердің маникюр кезінде тырнағының күйіп қалуы туралы дәлелдері сотта расталмады. Тырнақ пластинасында тек инфекция табылды, - деді ведомство өкілі.
Басылым мәліметінше, сот талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова