Орал тұрғыны жол апатына түскені үшін әкімдіктен ақша өндіріп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, Әбілқайыр хан мен Сырым Датов көшесі қиылысындағы жолдың сапасы нашар болғандықтан ер адам жол апатына түскен. Тұрғын көлігінің жөндеу жұмысына көп ақша жұмсаған.
Ер адам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жол сапасына қатысты міндетін дұрыс орындамаған деп есептеген. Көлік иесі 788 мың теңге ақша өндіруді талап еткен.
"Сот іс материалдарын зерделей келе, материалдық залалдың келтірілу фактісі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарымен расталғанын анықтады. Бірақ сарапшының қорытындысы бойынша, көлікті жөндеу жұмыстарының құны 603 мың теңге болған", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Осыған байланысты сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ер адамның пайдасына 603 мың теңге материалдық шығынды және 6 037 теңге мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!