Орал қаласындағы №3,35 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушілері Рамазан айы басталғалы жұма күні халықты тегін тасып, сауапқа кенелуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бір автобустың өзіне күніне мыңға жуық адам мінеді. Көлік жүргізушілері де игі іске үлес қосқанына дән риза. Халықтың алғысы мен батасына бөленген олар қайрымдылықты тек Рамазан айында ғана емес, жай күндері де, айына бір-екі рет жасап тұру қажет екендігін сезінген. Сондай–ақ Орал қаласындағы шағын азық-түлік дүкендерінің бірінде әр жұма сайын зейнеткерлерге тегін нан таратылады. Жас отбасы садақа ретінде тегін нан үлестіргенді жөн көреді. Алғашында он-он бес нан таратса, қазір қала тұрғындарының атсалысуымен 40-50 шақты тегін нан үлестіріледі. Кәсіпкер, Назарбек Қуановтың айтуынша, қазіргі күнде тегін нан таратуға жергілікті тұрғындар да үлес қосуда.
"Бір зейнеткер апай ақшасын беріп, өздеріңіз алатын нанға қосып алып, үлестірсеңіз деп өтініш айтты. Өзі атымыздан 25-30 нан аламыз. Одан бөлек, ағайын-туған, естіп жатқан тұрғындардың атсалысуымен мұқтаж жандарға 50 шақты нанды тегін таратып жүрміз", - дейді кәсіпкер.
Орал қаласында қасиетті айда жақсылық жасауға ұмтылғандар көп. Облыстық ҚХА-ның еріктілері автокөлік жүргізушілеріне құрма мен суды тегін таратуда. Олар бұл жақсылықты жасау үшін қаланың халық көп шоғырланған бес ауданын таңдап алған. Рамазан айында қайырымдылық жасап, тұрғындарды қуантуға асыққан мейірімді жандарға оралдықтар да риза.
Айгерім ҒАЛЫМ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!