21 сәуірден бастап Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайынан Мысырға ұшу басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдегендей, рейстер жазғы ұшу маусым бойы жүреді. Шарм-эль-Шейхке ұшуды Scat Airlines әуекомпаниясы жүзеге асырады. Енді Орал қаласынан танымал курортқа Boeing 737MAX әуе кемелерімен бес күнде бір рет ұшуға мүмкіндік бар. Бұл рейстер қазан айына дейін жоспарланған.
"Орал қаласынан маршруттық желіні дамыту – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Біз өңір тұрғындарына ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша, сондай-ақ танымал шетелдік курорттар бойынша тікелей рейстердің қолжетімді болуын көздеп отырмыз. Мысырға чартерлік бағдарламаның басталуы бұл мәселені шешудегі маңызды оқиға болды", - деп атап өтті әуежайдың бас директоры Рустам Биктимиров.
Айта кетейік, Шарм-эль-Шейх Орал кестесіндегі екінші халықаралық курорттық бағыт болмақ. Оралдық жолаушыларға Антальяға да рейстер қол жетімді. Мамыр айының соңынан бастап олардың саны әлі де өседі. Scat Airlines түрік курортына аптасына екі рет ұшатын чартерлік бағдарламаны бастайды. Орал қаласынан ұшатын турларды қазірдің өзінде туроператорлардан сатып алуға болады.
Айгерім ҒАЛЫМ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!