Орал әкімінің орынбасарына 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынды

Орал әкімінің орынбасарына 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
Фото: Tengrinews.kz

Орал қаласы әкімінің орынбасары бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шенеунікке 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Massaget.kz Батыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Прокуратураның наразылығына не себеп болды?

Орал қаласының прокуратурасы талдау жүргізу барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан заңбұзушылықтарды анықтады.

"Орал қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалау ұйымдарымен жобалау-сметалық құжаттаманы өтеусіз әзірлеу туралы меморандумдар жасасқаны анықталды. Бұл ретте аталған жобалар кейіннен бюджет қаражаты есебінен іске асырылуы тиіс болған, бұл бәсекелестікке қарсы әрекеттерге әкеп соқтырды", - деп мәлімдеді қадағалау органы.

Әкім орынбасары қалай жазаланды?

Жол берілген заңбұзушылықтар үшін Орал қаласы әкімінің орынбасары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 163-бабы 1-бөлігі (Мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оған 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Прокуратураның хабарлауынша, айыппұл толық көлемде өндірілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget