Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Massaget.kz ақпарат порталына берген эксклюзив сұхбатында 2015 жылдан бері 3600-ден аса баланың тұсауын кескенін айтты.
Депутаттың сөзінше, тегін тұсау кеседі, мұның өзіндік себебі де бар.
"Қаншама өнер адамы, қаншама танымал адам кәдімгі ставка қойып тастаған. Жай ғана тұсау кесуге 100 доллардан бастап 1000 долларға дейін алатын танымал адамдар бар. Баланың ақ жолын көк қағазбен өлшемеу керек. Бес-ақ секунд уақыт кетеді. 100, 500 доллар алып жатсаң ұят қой. 2015 жылы таныстардың балаларынан басталды. Cөйтіп-сөйтіп 3600-ден асты. Бір қызық айтайын, Сарыағашта бір күнде 104 баланың тұсауын кестім. Оптом тұсаукесер. Балаларды дайындап қояды. Үш сағат ішінде сол іс-шара болды. Барлығы тегін, ешқандай ставка жоқ. Кейде кәмпит, шапандарын алып келеді. Соның барлығын, 99 пайызын таратып беремін. Кейде қағазға 5-10 мың теңгесін салады. Оны Алланың разылығы үшін қайырымдылыққа жұмсаймын. Көп адам қасымда жүрмейді, көрмейді", - деді ол.
Дәулет Мұқаевтың айтуынша, бұл - қазақтың дәстүрі. Депутат тіпті шетелдегі қазақтар да тұсау кестіруге арнайы келетінін айтты.
"Мәскеудің қазақтары келді. Ресейден келді. "Арнайы сіз үшін билет алдық" дейді. Бүкіл Қазақстаннан келіп жатыр. Өзіміздің жанданған салт-дәстүріміздің бірі. 3600 баланың тұсауын кесемін, бірде-бір жаңалықтан шықпаймын. Қалай 38 жастағы әйелдің тұсауын кесесің, бүкіл жер, бүкіл адам хейт етеді. Дәл сол жағдай қандай болды? Көпбалалы ана екен. "Тұсауым кесілмеген, бұрыннан армандайтынмын, сүріншекпін, өтініш, кесіп беріңізші" деді. Ақ жолын төсеп қойған, өзім ыңғайсызданып қалдым. 25-28 жастағы қыздар күйеу шықпаса, "жолымды ашып жіберші" деген болды, одан кейін бес-алты ер азамат болды, "бір іс бастасам да өнбей жүр, Дәулет, қолымды кесіп жіберші" деді. Өзіндік ырымдары бар екен. Қалай кеспеймін дейсің?! Кестім. Қара пиар да пиар дейді ғой. Ол жаңалық шыққаннан кейін дайрегімнің барлығы тұсаукесер болып кетті. Айына бір рет оптом тұсаукесер қоямын. ...Әуежайда кесе беремін, тойханаларда, кітапханада, мектепте кесемін. Қалай ыңғайы келеді, шақырамын да кесемін", - деді депутат.
Сұхбат барысында ол депутаттық жұмысына және қабылданған заңдарға қатысты да ашық пікір білдірді.
Сұхбаттың толық нұсқасын Massaget.kz YouTube арнасынан көре аласыздар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова