ОПГ немесе ұйымдасқан қылмыстық топ деген не? Неге олар түбімен жойылмай отыр? Еліміздегі қылмыс әлемінің серкелері кімдер? Massaget.kz тілшісі бұл туралы құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері Арман Жусанбаймен сұхбаттасты.
Оның айтуынша, бұл топтар заңсыз жолмен баю мақсатында құрылады.
"ОПГ - ұйымдасқан қылмыстық топ. Белгілі бір мақсаттары бар, бірнеше қылмыстық сериялар жасай алатын және заңсыз баю мақсатында қоғамда дүрбелең туғызып, қауіп төндіретін, заңға қайшы әрекетке баратын топ", - дейді ол.
Олар қарапайым тұрғындарға, заң қызметкерлері мен құқық қорғау органдарына сес көрсетеді. Олар белгілі бір мақсатпен көп заңсыздыққа баруы ықтимал.
"90-жылдардан бері көп қылмыстық топ болды. Олардың саны 100-ден асуы мүмкін. Елеулілері: "Төрт ағайынды", "Атабаев тобы", "Ақбаевтар", "Қырықбаевтар", "Киса", "Айка Бегемот", "Сары Алмаз", "Баха-фестиваль". Бұлардың бәрі аса қылмыстық мақсатта әрекет етпесе де, 90-жылдарда белең алған заңсыздықтарға әсер еткен топтар болды", - дейді Арман Жусанбай.
Ашық дереккөз мәліметінше, Қазақстанда қылмыстық топтар 1980-жылдары қалыптаса бастаған. Ал 90-жылдары "шарықтау шегіне" жетті. Сол жылдары "Сары Алмаз", "Баха-фестивальдің" есімі танымал болды. Бұл тұлғалар туралы көп әңгіме айтылды. Жақында Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. Нәтижесінде, Шерзат Болат қайтыс болды. Кейін Талғарды "Хутор" атымен танымал топ басқарады деген ақпарат тарады. Арман Жусанбай "хуторлықтар" туралы естігенін жасырмады.
Талғардағы оқиғадан кейін Хасанның есімі желіде тарап кетті. Holanews.kz басылымының мәліметінше, "Хутор" бандасының жетекшісі - Хасан Қасымбаев. Кейін талғарлық ақсақалдар оның бұл жағдайға қатысы жоғын айтып, видеоүндеу жариялады.
"Талғарда жастар арасында "Хутор" деген танымал екенін естіп жүрдім, бірақ оның есепте тұрған-тұрмағаны белгісіз. Қашанда қылмыстық топ басшылары, ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілері көлеңкеде, тасада қалып отырады. Олар өзінше "қайырымдылықпен" айналысып, халықтың сеніміне кіріп алады. Ертеңгі күні халық оны қолдап, қайырымдылық жасағысы келетін шығар. Бірақ оның бағынышты топтары қылмыстық әрекеттерге барса, оның жетекшісі де сондай деңгейде жауапкершілікке тартылуы керек. Жетекшінің топпен арақатынасы анықталуы керек", - дейді Арман Жусанбай.
Айта кетейік, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің сөзінше, БАҚ-та жазылып жатқан "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобы ішкі істер органдарында есепте тұрмайды.
"Қылмыстық топтардың 90-жылдардағы және қазіргі әрекеттерін салыстыруға келмейді. Кешегі болған оқиғаны 90-жылдардан бетер деп бағалар едім. 30 жыл бұрын мұндай болған жоқ, болса да сирек болды. Сол деңгейдегі қылмыс халықтың үрейін ұшырды. Мұндай жағдай қайталанбау үшін кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Қылмыстың жойылмай отырғаны - құқық қорғау органдарының әлсіздігі және құзырлы органдардың өзара байланыспауы. Оған қоса, "халық жасақшылары" деген жоқ қазір, халық пен полиция арасында көпір жоқ. Сол себептен бұл әзір жойылмайды", - деді Арман Жусанбай.
Спикердің сөзінше, ҰҚТ жетекшілерінің құқық қорғау органдарында байланыстары болуы мүмкін. Бұларды түбірімен жойып жіберу мүмкін емес, олар қашан да, қай заманда да болған.
"Олар қоғамдағы көлеңкелі жақта жүреді. Елдің әлеуметтік-экономикасы тұрақталғанда, ҰҚТ мақсаты өзгеріп, құбылады. Яғни жемқорлық сипатта болуы мүмкін, тонын теріс айналдырып, билікке ұмтылуы мүмкін", - дейді ол.
Қазір ҰҚТ-ға қарсы арнайы операциялар жүргізіледі. Құзырлы органдар криминал топтарды құрықтау үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.
"Бұлармен күрес бұрын жақсы жүргізілген. Үлкен кешенді жұмыс жүргізілгеннің арқасында олар сиреді, ыдырады. Бірақ түбірімен жойылмады. Болса да олар жасырын әрекет етеді. Шетелге кетіп, "баю принципін" жалғастыруы мүмкін", - деп қорытындылады Арман Жусанбай.
Анықтама: баю принципі - белгілі бір нысанды "қамқорлыққа алып", өзгелерді бопсалаумен, қорқытумен айналысу. Бұл мақсатта тіпті адам өлімін ұйымдастыру.
"Сары Алмаз"
Ашық дереккөз мәліметінше, бір кездері Сары Алмаздың (шын есімі - Несіпбай Нәсенов) қоластындағылар саны 400-ге жеткен. Олар:
Ол екі жылдай шетелде жасырынып жүрді. 1998 жылы Испаниядағы виллада өлі табылды.
"Баха-фестиваль"
Аbai.kz порталының мәліметінше, Баха-Фестиваль 1963 жылы Алматы облысындағы қазіргі Райымбек ауданына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ол - Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Шын есімі - Бақыткелді Баясов. Ол Ауғанстанда әскери борышын өтеп келген. Сол кезде ештеңеден тайынбайтын мінезі үшін "Баха-фестиваль" атанып кеткен.
Бақыткелді 1993 жылы Алматыдағы №12 емханада көз жұмды. Оған Асқар деген досының үйінде қастандық жасалған. Ол 11 қазанда, 30-ға толған туған күнінде жер қойнына тапсырылды.
Қылмыс әлемінің серкелері: бірі мерт болды, бірі ұсталды
"Ағайынды төртеу"
"Айшуақ-Жантүгел" деп атала бастаған "Ағайынды төртеу" ұйымдасқан қылмыстық тобына Серік Жантүгел деген атпен танымал Серік Матышев, Құрманғали Сатыбалдиев және Еркін Ізбасар жетекшілік етті.
Еркін Ізбасар - 2018 жылы тамызда 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ізбасарға қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде қылмыстық ұйым құрғаны үшін қамауға алынған болатын.
2021 жылғы қарашада Еркін Ізбасар денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босатылып, былтыр 27 қарашада көз жұмды.
"Четыре брата" ұйымы - Қазақстанда танымал қылмыстық ұйым. 2018 жылы 24 мүшесі жауапқа тартылған болатын. Іс бойынша 20 эпизод болған. Іске қатысты адамдардың бәрі 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын. Ең ұзақ мерзім ұйым басшыларының бірі марқұм Еркін Ізбасарға тағайындалған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз