- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Оның салдары жақсы...
"Оның салдары жақсы болмайды". Әнші Қарақат Әбілдина жас қыздарға ақыл-кеңес айтты
Әнші Қарақат Әбілдина "1001 түн" бағдарламасында қазір белең алып отырған тұрмыстағы зорлық-зорлық мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, қыздарға ақыл-кеңес айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, өмірлік жар таңдаған кезде алдамшы сезімге берілмей, оны жақсылап тану маңызды.
"Алдамшы сезімге берілме. Өмірлік серігіңді таңдаған кезде сен оның тегі кім, қай жақтан екенін зерделеп, біраз жүріп, көзіңді жеткізіп, әрі-бері тануың керек. Содан кейін ең әуелі адам өзінің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Аяқтарын шалыс баспау үшін өздері қыз болып жүрген кездің өзінде шошаңдамай жүруі керек. Қалай болса, солай жеңіл жүріске салынып, от басып қалып жатады. Сондай жағдайдың салдары жақсы болмайды. Сондықтан да "қызға қырық үйден тыю" керек, - деді ол.
Өнер иесі отбасында көп жағдай әйелге байланысты екенін атап өтті.
"Шынын айтқанда, көп нәрсе айналып келгенде біздің күнделікті тұрмыс-тіршілікте де, әдемі бақытты отбасының кілті де, оның сыры да, құпиясы да, соның ең негізгі өзегі, негізі - әйел адам. Қалай айтсаңыз да, ол солай. Себебі көп сұрақ, жауапкершілік бізге жүктеледі. Отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, үйдегі тіршіліктің барлығы әйелден сұралады. Бала сабақты жақсы оқымай жатса да, анасы жауапты. Сондықтан да қыздарға, сіңлілеріме от баспау үшін, өкінбестей өмір сүру үшін кішкене өз болашақтарыңызға, өмірлеріңізге абайлап қадам басыңыздар деп айтқым келеді. Әрине бір адамды толық танып-біліп үлгермейсің, дегенмен де шамалы уақыт жүріп, көз жеткізіп, содан кейін тұрмысқа шықса екен, некелі жарына сүйіп қосылса, сезіммен қосылса екен деймін. Сезім барда, сенім пайда болады. Адал таза махаббатпен қосылған екі адам қанша жерден, қандай жағдай болмасын бір-біріне мейірімді, қайырымды, кешірімді болады. Олардың ісі насырға шаппайды, олар жамандыққа бармайды, - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы