Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы дұрыс нәтиже бермегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенат төрағасының cөзінше, кейбір өңірлерде әлеуметтік-демографиялық және экономикалық қиындықтар бар.
"Бүгінгі таңда оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда керісінше азаю үрдісі байқалады. Кейінгі жылдар ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43 пайыз), Павлодар (-5,76 пайыз) және Қостанай (-8,3 пайыз) облыстарында халық саны азайған", - дейді Әшімбаев.
Сенат төрағасы оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жақсы нәтиже бермегенін жеткізді.
"Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз. Сонымен қатар, осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет. Сондай-ақ, демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек", - дейді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Әшібаев азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс екенін мәлімдеді.
"Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта проблемалар да жоқ емес. Бүгін осы және басқа да мәселелерді қарастырамыз. Жалпы елдің теңгерімді демографиялық дамуы - бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы. Сондықтан осы жолда бәріміз бірлесіп, дәйекті түрде жұмыс істеуіміз керек", - дейді Сенат төрағасы.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!