Оңтүстік Кореяның Азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институты мен Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Меморандумның мақсаты – құрылыс саласындағы ынтымақтастықты орнату және дамыту, сейсмикаға төзімді ғимараттар мен құрылыстар, энергия үнемдейтін ғимараттар салу, конструкцияларды техникалық тексеру және қызмет көрсету саласында серіктестікті кеңейту.
Аталған құжаттың шеңберінде оңтүстіккореялық мамандар Алматыдағы құрылысты тексереді.
"Ынтымақтастықтың бірінші кезеңінде Алматы қаласындағы ғимараттар мен құрылыстарды тексеруге Оңтүстік Кореяның Азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институтының мамандарын тарту жоспарда бар. Жұмыс қаладағы ғимараттарды құжаттау аясында жүргізіледі", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Корея Республикасының Азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институты 1948 жылы құрылған. Ол Оңтүстік Кореяда ауыл және қала инфрақұрылымын дамыту, ақылды және сейсмикаға төзімді ғимараттар салуда көшбасшылар қатарында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!