Арнайы прокурор Чо Ын Сок Корея Республикасының бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді тұтқындау үшін ордер беруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, 25 маусымда Сеулдің Орталық аудандық соты арнайы прокурордың ордер беру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Арнайы прокурор сол сотқа қайта жүгініп, Юн Сок Ёльді өкілеттігін асыра пайдалану, құжаттарды қолдан жасау, президент туралы заңды бұзу және билік органдарының жұмысына кедергі келтіру баптары бойынша қамауға алуды сұрады.
Мұның барлығы 2024 жылғы 3 желтоқсандағы әскери жағдайдың жариялануымен байланысты. Юн Сок Ёль мемлекеттік құрылымға қарсы бүлік шығару бойынша қылмыстық бап аясында да айыпталып отыр.
Yonhap агенттігі мемлекеттік опасыздық күдігі ордер беру туралы өтініште жоғын айтты. Оңтүстік Кореяда мемлекетке опасыздық жасады деп сырттан басып кіру әрекеті ғана танылады.
2024 жылғы желтоқсаннан бастап Оңтүстік Кореяның бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Юн Сок Ёль әкімшілігі елде әскери жағдай енгізу үшін шекарада КХДР-мен жағдайды шиеленістіруге әрекет етті деген болжам жариялаған. Арнайы прокурордың өкілі мемлекетке опасыздық жасады деген айып бойынша іс әлі де қаралып жатқанын жеткізді.
Юн Сок Ёль қаңтарда екінші әрекеттен кейін тұтқындалған еді, ал наурызда сот оның қамауға алу шешімін жойып, тергеу изоляторынан босатты.
Бұған дейін не болды?
Айта кетейік, 2024 жылы 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.
Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.
Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді.
Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады. Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея президентінің аппараты отставкаға кететінін мәлімдеді.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық барын айтты.
Кейінірек Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі де отставкаға кететінін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің 5 желтоқсанға жоспарланған келіссөзі өткізілмеді. Ал полиция Оңтүстік Корея президентіне қарсы тергеуді бастады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек