Оңтүстік Кореядағы жұмыс: азаматтарға жақсы жаңалық айтылды

Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS), яғни шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне қатысушы елдер қатарына енгізілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет болды

Корея тарапының шешіміне сәйкес Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет болды. Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады.

Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше.

Қазақстан азаматтары қашан жұмыс істей алады?

"Қазақстан азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою, сондай-ақ, Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты бірқатар ұйымдастыру шараларын аяқтау қажет", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жөніндегі жұмысты 2023 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде азаматтарды іріктеу мен даярлауға мүмкіндік беретін барлық рәсім кезең-кезеңімен орындалды.

Жүргізілген жұмыстар қорытындысы бойынша корей тарапы Қазақстан жүйеге қатысуға толық дайын екенін растаған. EPS жүйесіне қатысу Қазақстан азаматтарына мемлекеттер белгілеген рәсімдер шеңберінде Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Енді не өзгереді?

Жаңа тетіктің басты ерекшелігі сол - жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Үміткерлер жүйеде көзделген барлық кезеңнен, соның ішінде корей тілі бойынша тесттен, кәсіби дағдысын бағалаудан және медициналық тексерістен өтеді.

Айта кетейік, Employment Permit System (EPS) - Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Осы жүйе аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптарға сәйкес жұмысқа орналаса алады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!