Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматы ұсталды: мән-жайы

Оңтүстік Кореяда Ичхон қаласындағы шабуылға қатысты іс бойынша 21 жастағы қазақстандық азамат ұсталды. Сыртқы істер министрлігі өкілдері ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық мәселелер бойынша қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Оңтүстік Кореяның KBS News басылымы мәліметінше, оқиға 29 шілдеде сағат 23:40 шамасында Кенгидо провинциясындағы Ичхон қаласында болған. Тергеу нұсқасы бойынша 21 жастағы қазақстандық азамат 25 жастағы танысымен (ол да Қазақстан азаматы) бірге 30 жас шамасындағы ер адам тізгіндеген көліктің соңына түскен. Олар көліктің жолын бөгеп, жүргізушіге сес көрсеткен, сондай-ақ, көліктің алдыңғы бөлігін тепкілеген.

Оқиға бейнетіркегішке түсіп қалған. Жазбада күдіктілердің көлігі зардап шеккен адамның соңынан қуып жетіп, жолын жауып тастағаны көрінеді. Содан кейін екі ер адам көліктен түсіп, жәбірленушінің көлігіне қарай беттеген.

Басылым 16 қазанда полиция 21 жастағы қазақстандық азаматты Кенгидо провинциясындағы Ансон қаласындағы көппәтерлі үйлердің бірінде ұстағанын хабарлады. Сот оны қамауға алуға ордер берген. Күдікті оқиғадан 79 күн өткен соң қолға түсті.

Жауап алу кезінде қазақстандық азамат сол күні көлік сатып алу туралы мәмілесі іске аспай қалғанын айтқан. Оның сөзінше, қайтып келе жатып, жәбірленушінің көлігін мәміле жасамақ болған адамның көлігі екен деп қалып, соңына түскен.

Бастапқыда полиция күдіктілерді анықтай алмай, қыркүйектің ортасында іс ашылмаған қылмыстар санатына ауыстырылған. Алайда видео интернетте кең тарап, бастапқы тергеу жұмыстары сынға ұшырағаннан кейін құқық қорғау органдары бұл істі қайта қолға алды.

Оқиғаның екінші қатысушысы, яғни 25 жастағы Қазақстан азаматы басқа іс аясында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргені үшін анықталған. Оңтүстіккореялық БАҚ мәліметінше, қазанның басында ол елден мәжбүрлі түрде шығарылған.

СІМ не дейді?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ичхон қаласының полициясы Қазақстан азаматын ұстағанын растады.

"Оған өзге мүлікті зақымдау, миграциялық режимді сақтамау және көлік жүргізу ережелерін бұзу сияқты бірқатар құқықбұзушылық бойынша айып тағылып отыр", - деп жазылған хабарламада.

СІМ қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, мәселені бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!