Оңтүстік Корея президентіне елден шығуға тыйым салынды

Оңтүстік Корея президентіне елден шығуға тыйым салынды
Фото: instagram.com/sukyeol.yoon

Полиция Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ельге шетелге шығуға тыйым салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Yonhap News-ке сілтеме жасап. 

Бұл мәселе полиция мен прокуратураның президент пен бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік, әскери шенеунікке қарсы тергеу жүргізуі аясында көтерілді. Тергеу мемлекетке опасыздық жасауға, әскери жағдай енгізілуіне, бүлікке және билікті асыра пайдалануға қатысты айыптаулар бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл істі жүргізу үшін полиция шамамен 150 тергеушіден тұратын арнайы топ құрды.

Полиция өкілі барлық дәлелді жинап, жағдайды бағалау қажет деп мәлімдеген еді.

Президенттен жеке жауап алынуы да мүмкін.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады. Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея президентінің аппараты отставкаға кететінін мәлімдеді.

Ал Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық барын айтты.

Кейінірек Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі де отставкаға кететінін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің 5 желтоқсанға жоспарланған келіссөзі өткізілмеді. Ал полиция Оңтүстік Корея президентіне қарсы тергеуді бастады. 

Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова