Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль қоғамдық наразылық тудырған әскери жағдай жариялағаны үшін халықтан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Yonhap-қа сілтеме жасап.
Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.
"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.
Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.
"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.
Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.
Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.
Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.
Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады. Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея президентінің аппараты отставкаға кететінін мәлімдеді.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық барын айтты.
Кейінірек Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі де отставкаға кететінін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрлерінің 5 желтоқсанға жоспарланған келіссөзі өткізілмеді. Ал полиция Оңтүстік Корея президентіне қарсы тергеуді бастады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!