Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының таулы аймақтарында алманың «апорт» сортын өсіріп жүрген шаруашылықтардың саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде апорт алмасын өсіретін алқаптардың көлемі 200 гектарға жетті.
Бұл ауданда «Көктал», «Арша» шаруашылықтары апорт алмасын өсіруді қолға алған. Олар жыл сайын жаңа баулар отырғызуда. Сатылымда сұранысқа ие апорт алмасын егуге басқа да шаруашылықтар қызығушылық танытып отыр.
Әкімдіктің ақпаратынша, 20 шақты шаруашылық жемістің түр-түрін баптаумен айналысады. Дегенмен, бағбандар әзірге өнім алған жоқ. Өйткені, жемістің бұл сұрыпы өнімді 7-8 жылдан соң бере бастайды. Ал, түлкібастық апорттардың өсіріліп жатқанына 3 жылдан енді асты.
Атап өтейік, шамамен жиырма бес жыл бұрын түлкібастық апорт та сұранысқа ие болған. Ол кезде алма өсірілетін бақтар 800 гектар жерде өсірілді. Қазір апорт алмасын өсіру өңірде жанданып отыр.